Күршім ауданы - 1927 жылы құрылған, Шығыс Қазақстан облысы аумағына қарайтын аудан. Аудан әкімі - Сейсенғазы Чукаев.
Әкімшілік-территориялық құрылымы
1997 жылдан бастап бұрынғы Марқакөл және Күршім аудандарын біріктіреді. Әкімшілік орталығы Күршім ауылы облыс орталығынан 220 км қашықтықта орналасқан. Күршім ауылында 2005 жылдың 1-қаңтарындағы мәлімте бойынша 11,6 мың адам немесе аудан халқының 29,8 пайызы тұрады. Ауданның аумағы 23,2 шаршы километрге тең. Ауданның әкімшілік-территориялық құрылымы 12 ауылдық округ немесе 61 ауылдық елді мекеннен тұрады. Аудан халқы 40,2 адамды құрайды, тығыздығы – 1 шаршы километрге 1,7 адамнан келеді. Аудан Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті, Катон-Қарағай аудандарымен және Қытай Халық Республикасымен шекараласады.
Климаты мен табиғаты
Климаты шұғыл континентті. Қыста аяз 0-ден төмен 50 градусқа дейін жетсе, ал жазда термометр бағанасы, керісінше, 50 градусқа дейін көтеріледі. Тамылжыған табиғат, аң мен құстың, дәрілік шөптер мен ағаш түрлерінің мәңгілік ордасындай. Азу таудан әрі асып, Мәрмәр тауынан қиялай өтсеңіз көз жасындай мөлдіреп атақты Марқакөл жатыр.
Ауданда 55 жалпы білім беру мектебі бар, онда 8075 оқушы тәлім алуда. Барлық мектептерді компьютер сыныптарымен қамсыздандыру бағдарламасы толығымен аяқталды. Интернет жүйесіне 22 мектеп қосылған.
Аудан бойынша 2 аурухана, 11 жанұялық-дәрігерлік амбулатория, 34 фелдьшерлік пункт және 5 фельдшерлік-акушерлік пункт қызмет атқарады. 7 мәдени ошақтары, 8 кітапхана және 1 тарихи-өлкетану мұражайы бар. 2 спорт алаңы және 18 спорт залдары жұмыс істейді.