Хазреті Мәулана (30.09.1207, Балх, Хорезмшах мемлекеті — 17.12.1273, Конья, Коний султанаты) рухани кемелдікке жеткен ұлы ғалым, нәсіл, дін, сондай-ақ тариқаттағы айырмашылықтарға онша көңіл аудара бермейтін мейірімді, адамзатқа деген сүйішпеншілігі, қарапайымдылығы арқылы Ислам әлемін ғана емес, бүкіл адамзатты қайран қалдырған ойшыл әрі өнер адамы болып табылады. Оның «Мәснәуи» еңбегімен танысқан ағылшын ғалымы Дж. Арберри және әлемге танымал суретші РЕМБРАНД сияқы батыстықтар Мәулананы «Әлемнің ең ұлы ақындарының бірі» - деп мойындаған.
Ол қай адам болмасын табиғи ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, ең жаман деген адам да кешірілуге әрі сүйікті болуға лайық деп түсіндірді. Аллаһқа деген махаббаттың адамды қандай дәрежеге шығаратынын шынайы да шебер өрнектей білген оның шығармалары, иран, түрік және үнді ақындарының туындыларына үлкен ықпал етіп, бүгінгі таңға дейін мыңдаған лирикалық ойлы туындылардың шабыт бұлағы болып келеді.
Кезінде өзі құрған «Мәулана тариқаты» түрік мәдениетін қалыптастыруда теңдессіз қызмет етті. Осман империясының падишаһтары да ұстанған бұл сопылық жол мыңдаған дін ғұламаларын, асыл дінімізді тамсана жырлаған ақын-сазгерлерді өмірге әкелді.
«Парсы тілінде қаншама сөйлесем де, негізім түрік!» - дейтін ол, жалпы түркі халқына деген сүйішпеншілігі, түрік халқын мадақтауы туындыларында кең орын алған.