№21 орта мектеп
Тәуелсіздік қарсаңында, яғни 1990 жылы Ақтау қаласында 13 шағынауданда №21 тағы бір орта мектеп шаңырақ көтереді. Ол «Парасат» қоғамының төрағасы Сайын Шапағатов, Данияр Аралбаев, Қожахмет Демеубергенов, ата-аналар Б.Көшімбаева, Ж.Нұрқуатова секілді азаматтардың көп еңбегі мен тынымсыз әрекеттерінің арқасында қазақ мектебі болып бекітіледі. Мұғалімдер үй-үйлерді аралап, қазақ сыныбына баратын балаларды әупіріммен жинады. Ол кезде қала халқының 60 пайызы орыстілді болғандықтан, оларды үгіттеу де қиынға соғады. Сөйтіп, 1990 жылдың жаңа оқу жылында №21 орта мектеп 89 мұғаліммен, 1197 оқушысымен білім теңізіне қанат қағады.
Содан бері 21 рет алғашқы қоңырау сылдырымен оқу жылын бастаған мектептен бүгінге дейін 2090 түлек қанат қағып, ұшыпты. Ал жас мектептің аяғын нық басып, еңсесін тіктеуіне, ұжымды «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, жұдырықтай жұмылдыра білген, ол әрине, мектептің алғашқы директоры, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» Ерболат Нұрмағамбетұлы еді.
Әрине, мектеп жаңа заман талабына сай жабдықталған, күрделі жөндеуден өткен, пәндік кабинеттер барлық талапқа сай. Сондықтан болса керек, бұл мектепте бастауыш сыныптар бойынша 11 гимназия сыныбы, жоғарғы сыныпта 2 гимназия, 2 тереңдетілген сыныптар жасақталған, оларға жоғарғы категориялы мұғалімдер сабақ береді.
Мектептің білімділік көрсеткіші ҰБТ және МАБ бойынша айқындалатыны белгілі, бұл орайда №21 орта мектеп 8 жылдан бері үздік он мектептің қатарында. Былтырғы оқу жылында қала мектептері арасында жүргізілген мониторинг бойынша 1-орынға шығып, қала әкімінің арнайы мадақтауына ие болған.