...Аллаһ оны күллі әлемге рақым етіп жіберген. Ол тұп-тұнық Хақ рақымын паш етті. Ол бейне сахарадағы мөп-мөлдір бұлақ, кәусар хауыз секілді. Ыдысын қолына ұстаған әркім сол хауызға барып, әрі қанып ішіп, әрі ыдысын қалағанша толтыруда. Иә, көңілі құлаған әрбір пенде одан мейірі қанғанша сусындай алады...
..Міне, «мейірім» Аллаһ елшісінің қолындағы осындай сиқырлы кілт еді. Ол тот басып, ашылмастай көрінген барлық құлыптарды сол кілтімен ашып, әрбір көкірекке бір-бір иман шырағын жаққан. Аллаһ осы кілтті барлық адам баласының арасынан таңдап алған асыл рухты Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қолына тапсырған. Өйткені адамзат арасында аталған қасиетті кілтті алуға ең лайығы сол еді. Аллаһ тағала әрқашан да аманатты ие бола алатын жандарға береді. Адамдарға аманат етіп берген жүрек кілттерін де сол істі ең жақсы білетін екі әлем Сардарына берген.