Байырқұм — ежелгі қала орны. Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданы Байырқұм ауылының маңында, Сырдарияның сол жақ жағалауында. Алғаш 1900 жылы О.А. Руднев зерттеген. 1948 — 1949 жылдары А.Н. Бернштамның жетекшілігімен Оңтүстік Қазақстан археология экспедициясы қазба жұмысын жалғастырды. Қаланың орны тік бұрышты биік алаңға ұқсас. Аумағы солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 300 м, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 400 м, биіктігі 1,5 м-ге жуық. Ол биіктігі 3 м-ге жуық үйме топырақпен қоршалған. Оңтүстік-шығыстағы қабырғаның орта тұсында тік бұрышты 5 мұнараның қалдығы сақталған. Қаланың сырты тереңдігі 2 м, ені 20 м ормен қоршалған. Алаңның ортасына таман цитадель орналасқан. Ол биіктігі 9 м тік бұрышты төбе. Оның іргесінің аумағы солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 80 м. Қамалдың шет-шетінде 8 мұнараның қалдығы бар, биіктігі 1 м үйме топырақпен және ені 10 м-ге жуық ормен қоршалған. Оның солтүстік-батыс және шығыс жағында су хауызының орны анық көрінеді. Жиналған археология материалдарға қарағанда, қала б.з.б. 1 ғасыр мен б.з. 8 ғасыр аралығында болған.